Қазақстан Президенті тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап тамырлас, тағдырлас, бір кездері Түркістан деп аталған ұланғайыр аймақ – Орталық Азияның ортақ мәселелерін өзара шешуді көздейтін интеграциялық бастамалар көтеріп келгені белгілі. Осы мақсатта іргелес елдердің басшыларын тарихи Ордабасыға шақырып, Орталық Азия елдерінің одағын құруды да ұсынды. Алайда аймақ елдері ынтымақтастықты жандандыратын бұл бастамаларға түрлі себептермен лайықты деңгейде қолдау көрсете алмай келді.
2017 жылғы 22 қыркүйекте Нью-Йоркте АҚШ-тың сол кездегі мемлекеттік хатшысы Р.Тиллерсон мен Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдері сыртқы істер министрлерінің және Түрікменстанның тұрақты өкілінің қатысуымен С5+1 форматындағы жиын өтті. Осы кездесуде де, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың биылғы қаңтардағы АҚШ-қа сапарында да Ақ үй басшылығы Орталық Азиядағы интеграциялық бастамаларға үлкен қызығушылық білдірді. Трамп әкімшілігі Ауғанстандағы жағдайдың ушығуына байланысты Орталық Азияға басымдық беруге бейіл екенін аңғартты. Бауырлас бес мемлекеттің өзара жақындасуға деген ниеті интеграциялық қадамдардың дұрыс шешім екенін көрсетіп, Орталық Азия елдері басшыларының кездесуін өткізіп тұру жоспарланған еді. Бұл қадамдар аймақтағы интеграциялық процестердің болашағы жөнінде жағымды болжамдар жасауға мүмкіндік береді.
Өзбекстанның тізгінін өз қолына алған алғашқы айлардан бастап жаңа президент Шавкат Мирзиёевтің өңірдегі көршілермен қарым-қатынасты жандандыруға деген оң талабы байқалды. Ол Өзбекстан сыртқы саясатында Орталық Азияға айрықша басымдық беретінін жариялады. Президент Мирзиёев істің адамы екенін көрсетіп, Түрікменстанға, Қазақстанға, Қырғызстанға және Тәжікстанға ресми сапармен барды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та оңтүстіктегі көршімізге жылы ілтипат білдіріп, экономикалық байланысты дамытуға басымдық берді. Нәтижесінде, 2017 жылдың наурызында қазақ-өзбек кәсіпкерлері арасында жалпы құны 1 млрд АҚШ долларына тең 74 келісім-шарт жасалды. Ал былтырғы екіжақты сауда-саттық көлемі алғаш рет 2 млрд долларға жетті. Мұнымен шектелмей, Елбасы 2018 жылды Қазақстандағы Өзбекстан жылы етіп жариялады. Бұл Н.Назарбаевтың өзбек халқы мен жаңа басшыға көрсеткен қолдауы еді.
Қазақстан мен Өзбекстан – экономикасы бойынша Орталық Азиядағы ең ірі екі мемлекет екені белгілі. Екі ел арасындағы ынтымақтастық аймақтағы өзге елдердің де интеграцияға деген ұмтылысын арттыра түсті. Барлық тараптың келісімімен Түрікменстанның электр энергиясы Өзбекстан арқылы Қазақстан мен Қырғызстанға жеткізілетін болды. Осылайша Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы су электр станциясын салу бойынша ұзақ жылдарға созылған келіспеушілік те жойылғалы отыр. Елбасы атап өткендей, аймақтық интеграцияның күшеюі Әмудария мен Сырдария арасында орналасқан 70 млн халыққа пайдалы болмақ.
Орталық Азия лидерлерінің алғашқы консультативті кездесуі 15 наурызда Астанада өтті. Елордаға жиналған мемлекет басшылары аймақтық негізгі мәселелерді талқылады. Жиын арқылы әсіресе, мәдени байланыстар арта түсті. Кездесу қарсаңында Ш.Мирзиёев ұлы Абайдың шығармашылық мұрасын насихаттау жөніндегі қаулыға қол қойды. Өз кезегінде Елбасы шешімімен Астанада түркі халықтарының ортақ мақтанышы, өзбек халқының ұлы перзенті Әлішер Науаиге еңселі ескерткіш орнатылатын болды.
Аймақ көшбасшыларының араға тоғыз жыл салып, түркі елдерінің жаңа жылы, жаңару мен жаңғырудың рәмізі іспетті Наурыз мейрамының қарсаңында Астанада кездесуінің символдық мәні зор. Сондықтан осы жолғы бас қосу аймақтағы интеграциялық амалдарды институцияландыру үшін өте маңызды деп ойлаймыз. Себебі келесі жылы Ташкентте өтетін алқалы басқосу дәстүрлі жиын сипатына ие бола бастады.
АҚШ-тың Ресей және Еуразия бойынша танымал сарапшысы Фредерик Старр өзінің «Жоғалған шамшырақ» атты еңбегінде «...Орталық Азия бірнеше ғасыр бұрын саяси және экономикалық әлемнің негізі және Еуразиядағы ғылымның, философияның және зияткерлік өмірдің орталығы болды» деп жазады. Тарихи кездесу барысында Н.Назарбаев атап кеткендей, аймақтағы өз проблемаларымызды өзіміз шешуді нықтап қолға алсақ, Орталық Азия елдерінің әлеуетін Старр мырза сипаттаған мәртебеге қайта жеткізуге әбден болады.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, «Егемен Қазақстан»